Азия даму банкінің Азия-Тынық мұхиты өңірі үшін проблемалық активтерді (NPL) саудалау жөніндегі трансшекаралық мәмілелерге арналған электрондық платформа құру туралы бастамасына қатысты
Алғышарттар
Жаһандық экономикалық тұрақсыздық тәуекелдерінің өсуі аясында проблемалық активтер (NPL) көлемінің ұлғаюы бүкіл Азиядағы банк және қаржы жүйелерінің тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Дегенмен, NPL саудасының тиімді жұмыс істейтін жүйесі нарықтық мәміле тетіктерін жақсарту және жеке капиталды жұмылдыру арқылы бұл тәуекелдерді азайтуда шешуші рөл атқара алады. Бұл банктерге балансты мерзімі өткен қарыз ауыртпалығынан босатуға және босаған өтімді қаражатты бизнес пен халықты несиелеуге қайта бағыттауға мүмкіндік береді.
Осы мақсатта Азия даму банкі (АДБ) IPAF[1] мүшелерімен бірлесіп, NPL саудалауға арналған онлайн-платформа құру арқылы Азиядағы NPL нарықтарын нығайту жөніндегі бастаманы іске асыруда.
Жобаның мақсаты – Азия елдерінің институттарын біріктіру жолымен өтімді және ашық проблемалық активтердің өңірлік нарығын қалыптастыру.
Жоба туралы
2019 жылы IPAF Саммиті мен Халықаралық конференциясы барысында іс-шараны ұйымдастырушы – Кореяның активтерді басқару корпорациясы (KAMCO) азиялық стрестік активтер нарығын дамытуға жәрдемдесу үшін NPL саудалауға арналған бірыңғай цифрлық платформа тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.
Бұл бастаманы АДБ жанындағы IPAF Хатшылығы қолдады және 2020 жылы Азияның NPL нарығында стрестік активтерді саудалауға арналған трансшекаралық онлайн-платформаларды әзірлеу және пайдалану жөніндегі тұжырымдама ұсынылды.
Аталған Тұжырымдамаға сәйкес IPAF мүшелерінің жұмыс істемейтін кредиттер бойынша талап ету құқықтарын да, жылжымайтын мүлік түріндегі кепіл объектілерін де сатуы үшін стандартталған электрондық сауда платформасын құру көзделген болатын.
Азия нарықтарының өздерінің стрестік активтерін бірыңғай цифрлық платформа арқылы экономикалық айналымға тартуға дайындығын зерделеу үшін IPAF Хатшылығы NPL іске асыру жөніндегі бірыңғай цифрлық платформаны әзірлеу мәселелерін зерделеу жөніндегі комитет құруға бастамашылық жасады, оның құрамына бірқатар IPAF мүшелері кірді.
АДБ тиісті зерттеу жүргізу барысында өңірдің дамушы елдерінде барабар құқықтық ортаның болмауына, деректер сапасы мен бағалау стандарттарына байланысты проблемаларға, сондай-ақ өзге де факторларға байланысты бірқатар елдердің стрестік активтерді саудалауға арналған бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыруға қатысуға дайын еместігі анықталды.
Осылайша, АДБ жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша, таяу болашақта нақты елге бағдарланған модульдік платформалар неғұрлым шынайы және прагматикалық шешім ретінде қарастырылады деген тұжырымға келді.
Бұл ретте АДБ болашақта жергілікті сауда платформаларын өзінің орталықтандырылған түйініне кіріктіру мүмкіндігін қарастыруда.
Мәселен, 2024 жылы АДБ-ның сауда платформасының тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі жобасының кезекті кезеңі іске қосылды, ол IPAF-тың іріктелген мүшелері арасында стрестік активтер саудасын модельдеуді қамтиды. Осы зерттеу шеңберінде IPAF-қа қатысушы екі немесе үш ел арасындағы виртуалды (тестілік) сауда-саттық арқылы виртуалды ортада NPL трансшекаралық саудасы модельденетін болады.
2024 жылғы қазанда осы пилоттық жобаға іс жүзінде белсенді қатысуға қызығушылық танытқан IPAF мүшелері айқындалды, атап айтқанда: ZSAMC (Қытай), DATC (Вьетнам) және KAMCO (Корея).
Бұл IPAF мүшелеріне NPL-дің екі немесе үш нарығын немесе сауда платформаларын біріктіруге байланысты ықтимал қиындықтарды зерттеуге және түсінуге мүмкіндік береді.
Негізгі назар тестілеу кезеңінде анықталған іске асырудың негізгі тәуекелдерін барынша азайтуға аударылады, бұл толық жұмыс істейтін платформаға неғұрлым бірқалыпты өтуді қамтамасыз етеді.
NPL тестілік сауда-саттығын модельдеу нәтижелері негізінде құқықтық және реттеушілік мәселелер, валюталық операцияларды басқару, есеп айырысуларға, депозитарийлерге байланысты техникалық аспектілер және өзге де мәселелер сияқты негізгі аспектілер бойынша терең зерттеулер жүргізілетін болады.
Зерттеу келесі нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған:
- платформаның оңтайлы құрылымын айқындау;
- әртүрлі ықтимал нұсқаларға салыстырмалы талдау жүргізу арқылы платформаны басқарудың, иеленудің және операциялық құрылымының неғұрлым қолайлы моделін айқындау.
Ханойдағы халықаралық семинар және болашақ платформаның архитектурасын айқындау
Трансшекаралық онлайн-платформа құру жөніндегі практикалық бағыттарды келісу мақсатында KAMCO бастамасы бойынша 2025 жылғы 20-21 қарашада Ханой қаласында (Вьетнам) «Жұмыс істемейтін активтерді (NPL) саудалауға арналған онлайн-платформа құру: тұжырымдамадан пилоттық жобаға дейін» атты гибридті (яғни күндізгі және онлайн форматта қатысу мүмкіндігі бар) семинар өтеді.
Семинарға Қытай, Корея, Вьетнам, Қазақстанның активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компанияларының өкілдері, сондай-ақ Моңғолия мен Украинадан байқаушылар қатысады. Қазақстан тарапынан қатысуға Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) өкілдері де шақырылды
Іс-шара аясында мыналар қарастырылады:
- платформаны әзірлеу реттілігі – инвесторларға ақпаратқа қолжетімділік беруден бастап толыққанды онлайн-мәмілелерге көшуге дейін;
- негізгі пайдаланушы интерфейсін жобалау;
- IDC-хостинг қызметтерін пайдалану мүмкіндігін қоса алғанда, IT-инфрақұрылымға және күрделі шығындарға қойылатын талаптар;
- жасанды интеллект көмегімен күшейтілуі мүмкін функциялар (мысалы, NPL бағалау модульдері және талдау құралдары).
Сондай-ақ қамтылатын NPL санаттары, платформаның географиялық ауқымы, меншік және басқару құрылымы сияқты практикалық параметрлер қарастырылады. Қатысушылар өңір үшін қолдануға жарамды тәсілдерді айқындау мақсатында Taobao (Қытай), OnBid (Корея), ProZorro (Украина) сияқты NPL саудалау жөніндегі онлайн-платформалар мен АДБ-ның AsianBondsOnline (ABO) платформасын қоса алғанда, сәйкес табысты кейстерді зерделейді.
Семинар платформаны әзірлеудің алдын ала жол картасын қалыптастырумен және 2026 жылы жобаны іске асыру жөніндегі алдағы қадамдарды айқындаумен аяқталады.
Қордың семинарға қатысуы озық өңірлік тәжірибелерді зерделеуге, сондай-ақ Қордың халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосуға мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін әлеует және өңірлік платформаны дамытудағы Қордың рөлі
Мыналарды:
- Қордың АДБ-мен бірлесіп 2026 жылы Қазақстанда IPAF 10-шы Саммиті мен Халықаралық конференциясын өткізу жоспарын (оған тек IPAF мүше ұйымдары ғана емес, сонымен қатар зерттеу институттары мен жеке сектордан стрестік активтерді басқару саласындағы жетекші әлемдік сарапшылар да қатысады);
- Қытай мен Кореядан келген IPAF мүшелерінің Қазақстанмен, оның ішінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде анағұрлым тығыз әлеуетті ынтымақтастыққа қызығушылығын;
- қазіргі уақытта қаржы реттеушісінің Қазақстандағы стрестік активтердің қайталама нарығын дамыту үшін қабылдап жатқан белсенді шараларын ескере отырып,
Қор жобаға ҚНРДА-ны, банктерді және олардың стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарын тарта отырып, Қазақстанда жалпыазиялық транзакциялық платформа жобасын әзірлеу және ықтимал іске қосу шеңберінде АДБ-мен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруда.
Бұл банктердің балансында NPL болу мерзімдерін шектейтін жаңа заңнамалық жағдайларда әсіресе өзекті.
Мұндай платформаны құру проблемалық активтерді өткізу арналарын айтарлықтай кеңейтеді, географиялық кедергілерді еңсереді, белсенді, өтімді және тиімді NPL қайталама нарығын қалыптастыруға ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстан үшін ел ішіндегі стрестік активтер нарығын дамытуға ғана емес, тиісінше шетелдік инвестициялар ағынының өсуіне де серпін беруі мүмкін деп болжануда.
Мемлекеттік басымдықтарға сәйкестігі
Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының міндеттеріне сәйкес, жеке инвесторларды тарта отырып, стрестік активтерді сатудың нарықтық тетіктерін дамыту – банк секторын сауықтырудың және болашақта стрестік активтердің қайта өсу ықтималдығын төмендетудің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттің банктердің проблемалық активтерін сатып алуға тікелей қатысуын барынша азайту қажеттілігі туралы ұстанымын, сондай-ақ стрестік активтер нарығын дамытуға бағытталған қолданыстағы заңнамалық түзетулерді ескере отырып, проблемалық активтерді экономикалық айналымға тарту арналарын кеңейту қисынды болып көрінеді.
Сонымен қатар, 100% мемлекет қатысатын ұйым бола отырып, Қор халықаралық қаржы институттары мен стрестік активтерді басқару жөніндегі шетелдік мемлекеттік компаниялар тарапынан сенімге ие, бұл халықаралық ынтымақтастықты дамытумен қатар, тәуекелдерді бөлуді қамтамасыз етіп, қаржы секторын сауықтыруды қаржыландыруға мемлекеттің қатысуын азайтуға ықпал ете алады.
Материалды дайындаған:: Айтханқызы Сағыныш, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ Корпоративтік даму және қызметті үйлестіру департаментінің Халықаралық ынтымақтастық және талдау басқармасы