«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ NPL саудасына арналған трансшекаралық цифрлық платформаны құру жөніндегі АДБ мен KAMCO халықаралық семинарына қатысты
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ қызметкерлері Азия даму банкі (АДБ) мен Кореяның Активтерді басқару корпорациясы (KAMCO) бірлесіп ұйымдастырған халықаралық семинарға қатысты. Іс-шара жұмыс істемейтін кредиттермен (NPL) сауда жасауға арналған бірыңғай трансшекаралық цифрлық платформаны әзірлеуге арналды.
«Жұмыс істемейтін активтермен (NPL) сауда жасауға арналған онлайн-платформаны құру: тұжырымдамадан пилоттық жобаға дейін» тақырыбындағы семинар 2025 жылғы 20–21 қараша күндері өтті. Семинар Азия елдеріндегі стрестік активтерді басқарумен айналысатын мемлекеттік компаниялардың, сондай-ақ цифрлық сауда платформалары операторларының өкілдерін біріктірді.
Қатысушылар қатарында ZSAMC, BHZXAMC және Baichang Technology Group (Қытай), VAMC және DATC (Вьетнам), MAMCO (Моңғолия), ProZorro (Украина) болды. Қазақстан атынан семинарға «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) қатысты.
Тұжырымдамадан тәжірибелік іске асыруға дейін
Семинар АДБ-ның стрестік активтермен сауда жасауға арналған бірыңғай өңірлік онлайн-платформаны құру бойынша жүргізіп жатқан зерттеу жобасының аралық қорытындыларын талқылауға арналды. Іс-шараны АДБ жанындағы Стрестік активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумы (IPAF) хатшылығының басшысы Инха Шин ханым ашып, жобаның ағымдағы мәртебесі мен одан әрі даму жоспарларын таныстырды.
Алғашқы сессия аясында қатысушылар NPL нарығының цифрлық инфрақұрылымын дамыту бойынша ұлттық кейстерді талқылады. Баяндамалармен KAMCO (Корея), ZSAMC және Baichang Technology Group (ҚХР), VAMC (Вьетнам), сондай-ақ Агенттік өкілдері сөз сөйледі.
Негізгі сессиядан кейін IPAF-тың әрекет етуші мүшелері, соның ішінде DATC (Вьетнам), BHZXAMC (Қытай), MAMCO (Моңғолия) және Проблемалық кредиттер қоры өз қызметтерінің ағымдағы нәтижелерін қысқаша таныстырды. Қор атынан баяндама жасаған – Халықаралық ынтымақтастық және аналитика басқармасының басшысы Сағыныш Айтханқызы.
ПКҚ сатып алынған активтерді экономикалық айналымға тарту тетіктерін ұсынып, стрестік активтерді іске асыру тиімділігін арттыруға бағытталған баламалы құралдар мен сату арналары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бірыңғай цифрлық платформа: іске қосудың негізгі шарттары
Семинардың екінші сессиясы Азиядағы NPL саудасына арналған трансшекаралық цифрлық платформаның инфрақұрылымын құру жөніндегі АДБ зерттеу жұмысының аралық нәтижелеріне арналды.
АДБ KAMCO және ZSAMC белсенді қатысуымен Вьетнам активтерді басқару корпорациясы (VAMC) базасында платформаның тұжырымдамасын әзірледі. Жүргізілген талдау мен виртуалды сауда модельдеудің нәтижесінде платформаны табысты іске қосу үшін қажетті негізгі шарттар айқындалды, олардың ішінде:
- деректерді стандарттау және ашу, валидациялау және анонимдеу мәселелері;
- құқықтық, реттеуші және валюталық-салықтық аспектілер;
- мәмілелерді цифрландыру;
- платформаның инфрақұрылымына қойылатын технологиялық және операциялық талаптар.
Проблемалық кредиттер қорының қызметкерлері талқылауға белсенді қатысып, ұйымдастырушылардың Қазақстан юрисдикциясының ерекшеліктеріне қатысты сұрақтарына жауап берді және жобаға одан әрі қатысуға мүдделілігін растады.
Жобаның жол картасы
Семинардың екінші күні жобаны іске асырудың келесі қадамдарын талқылауға арналды. АДБ мен KAMCO 2026–2027 жылдарға арналған трансшекаралық платформаны дамыту және іске қосу жөніндегі Жол картасының жобасын ұсынды. Құжат деректерге қойылатын талаптарды қалыптастыру мен техникалық архитектураны әзірлеуден бастап, деректерді жүктеу, тестілеу және толық ауқымды іске қосуға дайындыққа дейінгі төрт кезеңді қамтиды.
Жобаның Қазақстан үшін маңызы
Қазақстанның АДБ жобасына қатысуы бірқатар стратегиялық артықшылықтар береді. Атап айтқанда, ел платформаның негізін қалаушылардың қатарына кіріп, оның архитектурасын, ақпаратты ашу стандарттарын және жұмыс қағидаларын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Жоба стрестік активтердің қайталама нарығын реттеу, деректерді стандарттау, due diligence рәсімдері, активтерді бағалау және киберқауіпсіздік салаларындағы үздік халықаралық тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл озық шешімдерді ұлттық деңгейде бейімдеуге және ішкі NPL нарығының дамуын жеделдетуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, қазақстандық ұйымдардың АДБ бастамасына қатысуы шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, анағұрлым ашық әрі болжамды ортаның қалыптасуына, сондай-ақ қазақстандық банктер мен өзге де кредиторлардың стрестік активтеріне қызығушылықтың өсуіне әсер етеді.
Жоба сондай-ақ ұлттық цифрлық платформаларды дамытуға және оларды халықаралық инфрақұрылыммен интеграциялауға негіз қалыптастырып, қазақстандық электрондық сауда жүйелерінің жаһандық шешімдермен үйлесімділігін қамтамасыз етеді.
Материалды «ПКҚ» АҚ Корпоративтік даму және қызметті үйлестіру департаментінің Халықаралық ынтымақтастық және аналитика басқармасының бас маманы Абильдаева Дина дайындады.