АО "Проблемалык кредиттер коры"

Достық д. 160, Алматы қ., ҚР
Дс-Жм 09:00-18:00

Қор Моңғолияда өткен IPAF-тың 10-шы оқыту семинарына қатысты

2026 жылғы 14–15 мамыр аралығында «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ (Қор) делегациясы Моңғолияның Улан-Батор қаласында өткен International Public Asset Management Company Forum (IPAF) халықаралық форумының 10-шы оқыту семинарына қатысты.

Іс-шара Азия даму банкінің (ADB) қолдауымен ұйымдастырылып, Азия елдеріндегі мемлекеттік активтерді басқару компанияларының, халықаралық қаржы институттарының және стресс-активтер мен жұмыс істемейтін кредиттерді (NPL) басқару саласындағы кәсіби қауымдастық өкілдерінің басын қосты.

Семинардың іскерлік бағдарламасы аясында Қор Талап ету құқықтарымен және мемлекеттік кепілдіктермен жұмыс істеу департаментінің директоры Арман Қаратаев «Мемлекеттік активтерді басқару компанияларындағы портфель тиімділігін басқару: сауықтыру және реттеу нәтижелерінің мониторингі» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама барысында Қордың проблемалық активтер портфельдерінің тиімділігін мониторингтеу, берешекті сауықтыру және реттеу тетіктері, сондай-ақ NPL-портфельдермен жұмыс нәтижелілігін арттыруға бағытталған практикалық құралдары таныстырылды.

Семинар бағдарламасы жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің проблемалық берешегін реттеу, стресс-активтер нарығын дамыту, NPL бағалау модельдері, активтерді басқару процестерін цифрландыру, сондай-ақ инвестициялық және нарықтық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін қамтыды.

Семинар жұмысына Asian Development Bank (ADB), Korea Asset Management Corporation (KAMCO), International Finance Corporation (IFC), S&P Global, Collectius, SAM (Thailand), PT Perusahaan Pengelola Aset (Indonesia), сондай-ақ Азия елдерінің бейінді ұйымдары мен мемлекеттік активтерді басқару компанияларының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Азия даму банкінің өкілі Инха Шин ханым IPAF 2026 халықаралық саммиті мен конференциясының 2026 жылғы 12–14 тамыз аралығында Астана қаласында өтетінін ресми түрде жариялады. IPAF-тың мерейтойлық 10-шы Саммитін ұйымдастырушы ретінде Қор айқындалды.

Өз кезегінде Қор Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Байғазиев семинар қатысушылары мен халықаралық серіктестерді Астанада өтетін IPAF 2026 халықаралық саммиті мен конференциясына ресми түрде шақырды.

Сонымен қатар, семинар аясында Қор өкілдерінің Азия даму банкімен IPAF 2026 халықаралық саммиті мен конференциясын дайындау және өткізу мәселелері бойынша бірқатар екіжақты кездесулері өтті. Кездесулер барысында ұйымдастыру мәселелері, мазмұндық бағдарлама және алдағы іс-шара шеңберіндегі халықаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, Korea Asset Management Corporation (KAMCO) өкілдерімен жұмыс кездесуі өткізіліп, тараптар проблемалық активтерді басқару және NPL-дерді реттеу саласындағы тәжірибе алмасу, кәсіби ынтымақтастықты дамыту және одан әрі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Қордың IPAF іс-шараларына қатысуы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, үздік тәжірибелермен алмасуға және стресс-активтерді басқару саласындағы қазақстандық тәжірибені халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді.

Перейти к содержимому