«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ International Public Asset Management Company Forum (IPAF)
Улан-Батор, 2026 жылғы 15 мамыр — «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ International Public Asset Management Company Forum (IPAF) халықаралық форумының төрағалығын ресми түрде қабылдады. IPAF — Азия даму банкінің (ADB) қолдауымен жұмыс істейтін, стресс-активтерді басқару саласындағы мемлекеттік ұйымдар мен қаржы институттарының халықаралық платформасы. Сонымен қатар, Қазақстанға IPAF-тың мерейтойлық 10-саммитін өткізу құқығы берілді.
Төрағалықты тапсыру рәсімі Улан-Батор қаласында өткен IPAF семинары барысында өтті. Моңғолияның Mongolian Asset Management Corporation (MAMCO) ұйымы төрағалық мәртебесін қазақстандық тарапқа табыстады.
Бұған дейін 9-саммиттің қорытындысы бойынша «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ форумның толыққанды мүшесі мәртебесін алған болатын. Бұл Қазақстанның NPL (Non-Performing Loans — жұмыс істемейтін кредиттер) нарығы мен стресс-активтерді басқару саласындағы халықаралық күн тәртібіне қатысуын күшейтті.
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Байғазиев IPAF-қа төрағалық ету Қазақстанның проблемалық активтерді басқару саласындағы институционалдық дамуының мойындалуы екенін атап өтті.
«IPAF-қа төрағалық ету Қазақстанның халықаралық кәсіби қауымдастықтағы өсіп келе жатқан рөлін және ортақ күн тәртібіне үлес қосуға дайын екенін растайды. IPAF қаржылық жүйелердің тұрақтылығы, стресс-активтерді басқару тетіктері және жүйелік тәуекелдерді азайту мәселелерін талқылайтын алаң болып табылады. Төрағалық қатысушы елдер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты және тәжірибе алмасуды дамытуға ықпал етеді», — деді Нұржан Байғазиев.
IPAF Азия елдерінің мемлекеттік ұйымдарын, қаржы институттарын және активтерді басқару компанияларын, сондай-ақ NPL саласындағы халықаралық кәсіби қауымдастықты біріктіреді.
Қазақстан төрағалық аясында биыл тамыз айында Астана қаласында IPAF-тың мерейтойлық 10-саммитін, NPL мәселелері бойынша халықаралық конференцияны, Инвестициялық форумды және IPAF үйлестіру кеңесінің отырысын өткізеді.
Іс-шараға шамамен 14 елдің делегацияларының қатысуы күтілуде.
Саммит аясында активтерді басқаруды цифрландыру, электрондық сауда алаңдарын дамыту, технологиялық шешімдерді енгізу және стресс-активтер саласындағы халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылады.