Азияның проблемалық кредиттері: IPAF-тың 9-шы оқу семинарының қорытындысы бойынша АДБ мен KAMCO сарапшыларының негізгі тұжырымдары
2026 жылғы мамыр айында Проблемалық активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумының (IPAF) 9-шы оқу семинары өтті. Семинар аясында жеке тұлғалар мен микро кәсіпорындардың проблемалық берешегін реттеуден бастап, NPL бағалауының заманауи әдістері, активтерді басқару процестерін цифрландыру және инвестициялық әрі нарықтық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне дейінгі кең ауқымды тақырыптар қарастырылды.
Семинар мемлекеттік проблемалық активтерді басқару компанияларының өкілдерін, қаржы институттарын және халықаралық сарапшыларды жаһандық белгісіздік сақталып отырған жағдайда банк секторы алдында тұрған негізгі сын-қатерлерді талқылау үшін бір алаңға жинады.
Семинардың негізгі баяндамаларының бірі Азия даму банкінің қаржы секторы жөніндегі аға маманы Питер Розенкранцтың баяндамасы болды. Баяндама Азия елдеріндегі макроэкономикалық күйзелістер, банк активтерінің сапасы және қаржы жүйелерінің тұрақтылығы арасындағы өзара байланысқа арналды.
Питер Розенкранц өз сөзінде соңғы жылдары өңірдің қаржы жүйелері инфляциялық үдерістердің, қарыз алу құнының өсуінің, геосаяси шиеленістің және жаһандық экономикалық өсімнің баяулауының қысымын сезінуді жалғастырып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған факторлар кредиттік тәуекелдердің өсуіне, әсіресе жылжымайтын мүлік секторын қоса алғанда, шағын және орта бизнес сегментінде, тікелей әсер етеді.
Баяндамада проблемалық кредиттердің өсуі мен экономикалық өсімнің баяулауы арасындағы өзара байланысқа ерекше назар аударылды. NPL көлемінің жинақталуы банк секторына жүйелі әсер ететіні, атап айтқанда, баланстар сапасын нашарлатып, кредиттік белсенділікті төмендетіп және нақты экономиканы қаржыландыру мүмкіндіктерін шектейтіні атап өтілді. Талқылаулар барысында жұмыс істемейтін кредиттер экономикалық жағдайдың нашарлауының салдары ғана емес, сонымен қатар қаржылық тұрақсыздықтың дербес факторы болып табылатыны да айтылды. NPL көлемінің ұлғаюы экономиканы кредиттеуді шектеп, инвестициялық белсенділікті төмендетуі және сол арқылы теріс макроэкономикалық үрдістерді күшейту мүмкін.
Осыған байланысты баяндамашы проблемалық активтерді уақтылы танудың және оларды реттеу тетіктерін қолданудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның ішінде банк баланстарын сауықтыру мен қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіруде маңызды рөл атқаратын активтерді басқару компанияларының қызметіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар мұндай тетіктердің тиімділігі көбіне құқықтық инфрақұрылымның сапасына, активтерді беру рәсімдерінің ашықтығына және жалпы макроэкономикалық ортаға тәуелді екені атап өтілді.
Семинар барысында қалыптасып қойған проблемалық активтерге жауап беруден оларды ерте анықтау және мониторингтеу жүйелеріне көшу тақырыбы ерекше маңызға ие болды. Қатысушылар күрделене түскен макроэкономикалық орта жағдайында NPL басқарудың тиімділігі тек реттеу тетіктеріне ғана емес, сонымен қатар қаржы институттарының ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтау және олардың банк секторының тұрақтылығына ықпалын болжау қабілетіне де байланысты екенін атап өтті.
Екінші негізгі баяндаманы KAMCO халықаралық ынтымақтастық департаментінің өкілі Хе Джин Ли ұсынды. Ол NPL Watch Asia 2026 аналитикалық есебін ұсынды, бұл өңірдегі жұмыс істемейтін кредиттерді мониторингтеудің ең кешенді құралдарының бірі болып табылады.
Презентация барысында 2026 жылғы басылымның аналитикалық қамту ауқымы айтарлықтай кеңейтілгені атап өтілді: зерттеуге енгізілген экономикалар саны 20-дан 25-ке дейін ұлғайтылды, ал әдіснама жаңа банктік және макроқаржылық индикаторлармен толықтырылды. Жұмыс істемейтін кредиттердің динамикасын талдаумен қатар, зерттеу банк жүйелерінің тұрақтылығын, резервтеу және капитал жеткіліктілігінің сапасын бағалауға да назар аударады, бұл қаржылық тұрақтылыққа төнетін ықтимал тәуекелдерді неғұрлым жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Ұсынылған есепке сәйкес, Азиядағы жұмыс істемейтін кредиттердің жиынтық көлемі 2025 жылы 821 млрд АҚШ долларына жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,5%-ға өсті. Сонымен қатар өңір бойынша орташа NPL көрсеткіші шамалы ғана өсіп, 1,60%-дан 1,63%-ға дейін жетті. KAMCO сарапшыларының пікірінше, мұндай динамика қаржы жүйесіндегі тәуекелдердің әрдайым активтер сапасының салыстырмалы көрсеткіштерінде толық көрініс таба бермейтінін көрсетеді. Тіпті NPL деңгейі тұрақты болған жағдайда да кредиттік портфельдердің ұлғаюы проблемалық берешектің абсолюттік көлемінің едәуір өсуімен қатар жүруі мүмкін, бұл реттеушілер мен даму институттарының қосымша назарын талап етеді.
Зерттеуде сондай-ақ жоғары пайыздық мөлшерлемелердің ұзақ уақыт сақталуының, үй шаруашылықтарының борыштық жүктемесінің, жылжымайтын мүлік нарығындағы ахуалдың және жаһандық экономиканың геоэкономикалық бөлшектенуінің ықпалына ерекше назар аударылды. Сарапшылардың бағалауынша, дәл осы факторлар орта мерзімді перспективада жекелеген елдер мен экономиканың кейбір секторларындағы кредиттік тәуекелдердің негізгі өсу көздеріне айналуы мүмкін.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын KAMCO ұсынған машиналық оқыту технологияларына негізделген болжамдық модуль тудырды. Ол өңір экономикаларындағы NPL динамикасын алдағы тоқсандарға болжауға мүмкіндік береді. Модель аясында макроэкономикалық көрсеткіштер, банк өтімділігі, капиталдандыру деңгейі, резервтер көлемі және бірқатар сыртқы факторлар талданады. Осындай аналитикалық құралдарды пайдалану банк секторының ағымдағы жағдайын бағалап қана қоймай, ықтимал тәуекел аймақтарын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Баяндаманың жеке бөлімі проблемалық активтерді реттеу тиімділігіне әсер ететін құрылымдық факторларға арналды. Негізгі шарттардың қатарында NPL қайталама нарықтарын дамыту, құқықтық инфрақұрылымды жетілдіру, мамандандырылған ұйымдардың институционалдық дайындығы және деректердің ашықтығын арттыру атап өтілді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар қазіргі жағдайда проблемалық активтерді тиімді басқару тәуекелдерді уақтылы анықтауды, құқықтық және нарықтық инфрақұрылымды дамытуды, заманауи аналитикалық және болжамдық құралдарды пайдалануды, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтуды үйлестіретін кешенді тәсілді талап етеді деген ортақ пікірге келді.
Осыған байланысты IPAF тәжірибе алмасу, кәсіби құзыреттерді дамыту және проблемалық активтерді басқару саласындағы практикалық шешімдерді әзірлеу үшін маңызды алаң ретінде қызмет етуді жалғастыруда.
Материалды «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ
Корпоративтік даму департаментінің
Стратегия, аналитика және мемлекеттік
органдармен өзара іс-қимыл басқармасының
бас маманы Абильдаева Дина Есетовна дайындады