ҚАЗАҚСТАН АЛҒАШ РЕТ IPAF МЕРЕЙТОЙЛЫҚ САММИТІН ҚАБЫЛДАЙДЫ

Астанада алғаш рет Мемлекеттік активтерді басқару компанияларының халықаралық форумы (IPAF) 10-шы мерейтойлық Саммиті мен Халықаралық конференциясы өтеді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және Азия даму банкі бірлесіп ұйымдастырады.
Саммитке 19 елден 200-ге жуық өкіл және 60-қа жуық ұйымның қатысуы күтілуде. Олардың қатарында мемлекеттік органдар мен орталық банктер, халықаралық қаржы ұйымдары, мемлекеттік активтерді басқару компаниялары, инвесторлар және сарапшылар бар.
Қазақстан биыл IPAF Саммитін алғаш рет қабылдап қана қоймай, Форумға төрағалық етуде. 2025 жылы «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ IPAF-тың толыққанды мүшесі мәртебесіне ие болды. Ал Ұлан-Батырда өткен 9-шы Саммиттің қорытындысы бойынша Қазақстан Форумның келесі төрағасы болып айқындалды.
IPAF аясында алғаш рет Инвестициялық форум өтеді
Қазақстанның IPAF-қа төрағалығының басты ерекшеліктерінің бірі – іс-шараның практикалық және инвестициялық бағытын күшейту.
Саммит аясында алғаш рет IPAF Инвестициялық форумы ұйымдастырылады. Оның шеңберінде қатысушы елдердің активтерді басқару компаниялары ұсынатын стрестік активтердің нақты кейстері қаралып, инвесторлардың ықтимал қызығушылығы және одан әрі өзара іс-қимыл тетіктері талқыланады.
Интерактивті дөңгелек үстелдер барысында трансшекаралық нарық инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне де назар аударылады. Атап айтқанда, инвесторларға арналған ақпаратты стандарттау, деректерді ашу, активтерді жіктеу, инвестициялық каталогтар және цифрлық сауда платформаларын дамыту мәселелері талқыланады.
Қазақстан стрестік активтер нарығын дамытуда
IPAF күн тәртібі Қазақстанның қаржы секторындағы реформалармен тікелей байланысты. 2022 жылдан бастап стрестік активтерді сатып алуға әлеуетті инвесторлар аясы кеңейтіліп, оның ішінде жеке және шетелдік инвесторларға жаңа мүмкіндіктер жасалды. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті қайталама нарықты қалыптастыру және проблемалық активтерді цифрлық құралдар арқылы өткізу бағытында жұмыс жүргізілуде.
Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асыруда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне ведомстволық бағынысты «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ маңызды рөл атқарады.
Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі – өміршең кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру. Бұл ретте кәсіпорындардың экономикалық әлеуетін, өндірістік қызметін және жұмыс орындарын сақтай отырып, олардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Қаржылық сауықтыру шаралары жүзеге асырылған кезеңде Қорға шамамен 170 млрд теңге қайтарылды. 2020–2025 жылдары борышкер кәсіпорындар шамамен 84 млрд теңге салық төлеп, 9 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалды.
Ауыл шаруашылығы саласында бұл жұмыстың маңызы ерекше. Қордың сауықтыру сатысындағы портфелінің 83%-ын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрайды. 2025 жылы олар 1,34 млн гектарға жуық алқапта ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізіп, шамамен 2,1 млн тонна өнім жинады және ауылдық жерлерде 7,6 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалды.
Астанадағы мерейтойлық Саммит халықаралық кәсіби қоғамдастыққа Қазақстанның стрестік активтермен жұмыс істеу тәжірибесін таныстыруға, озық халықаралық тәжірибені зерделеуге және мемлекеттік активтерді басқару компаниялары, халықаралық қаржы институттары мен инвесторлар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Қазақстанның Азия даму банкінің қолдауымен IPAF-қа төрағалық ету – жай ғана мәртебелі миссия емес. Бұл – еліміздің қаржы жүйесінің жоғары институционалдық деңгейге жеткенін және халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан көрсетілген сенімді білдіреді. Бүгінде жұмыс істемейтін активтер мәселесі банк секторының аясынан шығып, қаржылық тұрақтылыққа ықпал ететін жүйелі мәселеге айналды. Сондықтан біз үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту және стрестік активтермен жұмыс істеудің заманауи тетіктерін бірлесіп қалыптастыру аса маңызды», – деді Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Мәди Такиев.