АО "Проблемалык кредиттер коры"

Достық д. 160, Алматы қ., ҚР
Дс-Жм 09:00-18:00

Цифрлық платформалар, деректер және жасанды интеллект: стрестiк активтердің қайталама нарығын дамытудың жаңа құралдары

Астанада Қордың Азия даму банкімен бірлесіп ұйымдастырған Мемлекеттік активтерді басқару компанияларының халықаралық форумы (IPAF) 10-шы Халықаралық конференциясы аясында «Ашықтықтан өтімділікке дейін: NPL-дің қайталама нарықтары, цифрлық платформалар және деректер» атты үшінші сессия өтті. Сессия проблемалық активтердің қайталама нарықтарын, цифрлық сауда инфрақұрылымын дамытуға және деректер сапасын арттыруға арналды.

Сессияның негізгі тақырыптарының бірі жұмыс істемейтін кредиттердің қайталама нарығы активтер туралы ақпараттың жай ғана қолжетімді болуынан нақты өтімділікке және инвесторлардың тұрақты қатысуына көше алатын жағдайларды қалыптастыру болды. Қатысушылар NPL-мен мәмілелерді дайындау және өткізу кезінде туындайтын кедергілерді азайтудағы цифрлық платформалардың, деректерді стандарттаудың және жаңа технологиялық шешімдердің рөліне ерекше назар аударды.

Сессияның негізгі презентациясын Accuria компаниясының тең құрылтайшысы Burkhard Heppe мырза ұсынды (еск. Accuria – кредиттік портфельдерді басқаруға және жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған, кредиттік активтерді бағалауға, мониторингтеуге, есептілікке және саудалауға маманданған платформа). Өз сөзінде ол проблемалық активтердің ашық әрі ауқымды нарығын дамыту үшін заманауи технологиялардың практикалық мүмкіндіктерін көрсетті. Accuria жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін активтерді қоса алғанда, 350 млн-нан астам кредит бойынша деректермен жұмыс істейді, ал оның шешімдері арқылы 3 500 портфель құрамындағы шамамен 50 млн NPL жүктеліп, бағаланған. Компания сондай-ақ Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC), Дүниежүзілік банкпен және Азия даму банкімен NPL нарықтары мен платформаларын дамытуға, сондай-ақ осы бағыттағы зерттеулерге байланысты жобалар бойынша ынтымақтастық орнатқан.

Презентацияда цифрлық инфрақұрылым қайталама нарықтың бірден бірнеше жүйелік міндетін шеше алатыны атап өтілді: сатушылар мен әлеуетті инвесторлар арасындағы ақпараттық алшақтықты қысқарту, due diligence сапасын арттыру, нарық қатысушыларының сенімін нығайту және түптеп келгенде мәмілелердің тиімділігі мен өтімділігін арттыру. Бұл ретте активтер туралы ақпаратты электрондық алаңда жариялаудың өзі сұраныстың пайда болуына немесе мәміленің сәтті жабылуына кепілдік бермейді.

Осы мәселені көрсету үшін Burkhard Heppe инвестор проблемалық активті сатып алуға капиталды іс жүзінде бағыттай алмас бұрын бірізді түрде өтуі тиіс «бес қақпа» тұжырымдамасын ұсынды. Бірінші кезең ұсыныстың көрінуіне және әлеуетті мәміле туралы ақпаратқа қол жеткізуге байланысты. Бұдан әрі инвестор нақты активтер сыныбын сатып алуға қойылатын талаптарға сәйкес келуі, оларды бағалау үшін жеткілікті көлемдегі деректер мен нарықтық бағдарларға ие болуы, мәміленің өзін тиімді жүргізу мүмкіндігіне ие болуы және, сайып келгенде, активке кейіннен қызмет көрсету мен инвестициядан шығу тетіктерін түсінуі қажет.

Сондықтан цифрлық сауда платформасының тиімділігін онда орналастырылған активтердің санымен ғана бағалау ұсынылмайды. Неғұрлым маңызды көрсеткіштер – білікті инвесторлардың саны, олардың мәміленің әртүрлі кезеңдеріне қатысуы, берілген міндетті емес және міндетті ұсыныстардың саны, сауда-саттыққа қатысушылардың саны, актив орналастырылған сәттен бастап ұсыныс алынғанға және мәміле жабылғанға дейінгі мерзімдер, сондай-ақ сәтті аяқталған транзакциялардың үлесі және сатушылар мен сатып алушылардың қайта қатысуы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымның ұсыныстың жай ғана жария болуын қамтамасыз етіп қоймай, капиталдың қозғалысына қаншалықты нақты ықпал ететінін бағалауға мүмкіндік береді.

Деректердің сапасы мен стандартталуына да ерекше назар аударылды. Портфельдерді тиімді бағалау үшін инвесторға кредиттер туралы базалық ақпарат қана емес, сонымен қатар егжей-тегжейлі loan-level data, кепілдер туралы деректер, құжаттама, өндіріп алу тарихы және нақты қайтарымдар туралы ақпарат қажет. Мұндай ақпаратты стандарттау портфельдерді сегменттеуді жылдам жүргізуге, оларды нарықтық бағдарлармен салыстыруға және әлеуетті инвестицияны талдауға қажетті уақытты қысқартуға мүмкіндік береді.

Презентацияның едәуір бөлігі проблемалық активтермен жұмыстың әртүрлі кезеңдерінде жасанды интеллект пен AI-агенттерді қолдануға арналды. Атап айтқанда, сатушының бастапқы деректерін стандартталған құрылымдарға автоматты түрде жүктеу және түрлендіру, заң және қаржылық құжаттаманы талдау, құжаттарды Loan Data Tape-пен салыстыру, инвестициялық және кредиттік комитеттерге арналған материалдарды дайындау, сондай-ақ due diligence жүргізу құралдары көрсетілді.

AI-агенттер портфельдерді бағалау кезінде де пайдаланылуы мүмкін: қолда бар деректердің жеткіліктілігін талдау, қосымша референстік ақпаратқа қажеттілікті анықтау, репрезентативтіліктің статистикалық талдауын жүргізу, модельдерді калибрлеуге және нәтижелерді интерпретациялауға көмектесу, сондай-ақ valuation memo жобаларын қалыптастыру. Бұл ретте презентацияда ақша ағындарын тікелей есептеулер детерминирленген және қайта жаңғыртылатын күйінде қалуы тиіс екені, ал тілдік модельдің қаржылық есептеулердің өзін орындамауы керектігі бөлек атап өтілді.

Технологияларды қолданудың тағы бір бағыты күрделі қайта құрылымдау тетіктерімен жұмыс болды. Ұсынылған тәсіл AI құралдары шашыраңқы қаржылық және заң құжаттарын өңдеуге, қажетті деректерді алуға және тексеруге, зерттеулер жүргізуге, қаржылық модельдер мен кредиттік қорытындылардың жобаларын дайындауға көмектесетін бірыңғай процесті құруды көздейді. Бұл ретте аса маңызды кезеңдерде маманның қатысуы сақталады: талдау жоспарын тексеру, қаржылық модельді қолмен түзету және кейіннен дайындалған материалдарға өзгерістер енгізу көзделген.

Бұл процесте Smart Virtual Data Rooms (VDR) және AI Document Analysis құралдарының маңызы ерекше. Олар қаржылық кестелердің құрылымын сақтай отырып, құжаттардан ақпарат алуға, материалдарды жіктеуге және салыстыруға, сондай-ақ кейінгі бағалау мен due diligence үшін неғұрлым толық деректер массивтерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде технологиялар құжаттарды қолмен өңдеу көлемін қысқартып, портфельді сатуға дайындауды жеделдете алады.

Презентацияның негізгі қорытындыларының бірі өтімді NPL қайталама нарығын дамыту бірнеше элементтің үйлесуін талап ететіні болды: ашық цифрлық инфрақұрылым, егжей-тегжейлі және стандартталған деректер, сенімді бағалау құралдары және мәмілелерді жүргізудің тиімді процестері. Жаңа AI шешімдері ақпараттың үлкен көлемімен жұмысты айтарлықтай жеделдетіп, талдаудың жекелеген кезеңдерін автоматтандыра алады, алайда олардың тиімділігі бастапқы деректердің сапасына тікелей байланысты.

Спикер атап өткендей, жасанды интеллект жоқ фактілерді жасай алмайды, ол тек сатушыда бар ақпаратты құрылымдап, пайдалана алады. Сондықтан цифрландыру активтерді сатуға сапалы дайындауды алмастырмайды, керісінше қолда бар деректерді инвестициялық шешім қабылдауға негізге тезірек әрі тиімдірек айналдыруға мүмкіндік беретін құралға айналады. Түптеп келгенде, активтердің көрінуі мәміле жасау мүмкіндігін білдірмейді: қайталама нарықтың өтімділігі инвесторлардың саны актив туралы ақпарат алудан және оны бағалаудан бастап активті сатып алуға, оған қызмет көрсетуге және кейіннен инвестициядан шығуға дейінгі бүкіл жолдан өте алатын жағдайда артады.