Қарыздарды қайта құрылымдаудан тұрақты өсімге дейін: Қордың агросекторға қосқан үлесі
Соңғы бірнеше жыл ішінде 32 аграрлық компания Проблемалық кредиттер қоры жүргізген қарыздарды қайта құрылымдау шараларының арқасында банкрот болудан аман қалды. Экономикалық ауыр дағдарыстар мен климаттық күйзелістер ауыл шаруашылығы саласын қатты алаңдатты. Алайда бүгінде олардың көбі өз активтерін ғана сақтап қоймай, табыстарын арттыра алды.
Астана қаласынан келген «Вечерка» тілшілері Ақмола облысындағы бірнеше ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, осы мақсатта арнайы құрылған Ұлттық қаржы институты – Проблемалық кредиттер қорының рөлін анықтады.
Айта кету керек, аграрлық секторды мақсатты қолдау 2019 жылы басталды. Сол жылы Қор 25 ірі банктік қарыз алушының қарызын ауқымды қайта құрылымдаудан өткізді. «Цеснабанк» АҚ-ның проблемалық несие портфелінің бір бөлігі сатып алынды. Бұл шаралар кәсіпорындардың қарыз жүктемесін едәуір төмендетуге, несие мөлшерлемесін азайтуға, төлем мерзімдерін ұзартуға және басқа да жеңілдіктер беруге мүмкіндік берді. Соның арқасында олар көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде өткізіп, қаржылық жағдайын тұрақтандырды. Нәтижесінде мыңдаған жұмыс орны мен стратегиялық маңызы бар ауыл шаруашылығы нысандары – егістік, жайылым, элеваторлар, астық қабылдау пункттері, техника және т.б. сақталып қалды.
2023 жылғы табиғи сынақтар
2023 жылы агросектор тағы бір табиғи қиындыққа тап болды – вегетация кезеңіндегі қуаңшылық пен орақ науқанындағы нөсер жаңбыр ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлкен шығын әкеліп, қоғамда кең резонанс тудырды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында да атап өтілді. Президент тапсырмасына сәйкес және тиісті органдармен бірлесіп, Қор аграршыларды қолдау үшін жедел шаралар қабылдады: қарызды өтеу шарттары қайта қаралып, төлемдерге кейінге шегерім берілді. Бұл қадам шаруашылықтардың тұрақтылығын сақтауға және өндірістік қызметін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Анықтама: «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ 2012 жылы банктерге жұмыс істемейтін несиелерден арылып, несие портфелінің сапасын жақсартуға көмектесу үшін құрылды. 2012–2017 жылдары Қор Қазақстан Ұлттық банкінің басқаруында болды. 2017 жылдан бастап Қаржы министрлігінің қарамағына берілді. Қордың жалғыз акционері – Қазақстан Республикасы Үкіметі.
Қарыз жүктемесі азайды – өндіріс көлемі артты
Ақмола облысы, Жақтыр ауылындағы басты облыстық элеватор мысалында дағдарыс кезінде де өндірісті қайта іске қосуға болатынына көз жеткізуге болады. Бұл тарихи нысан біздің сапарымыздың алғашқы аялдамасы болды.
1939 жылы құрылған Жақтыр элеваторы тың игеру жылдарында бүкіл облыстан астық қабылдады. Ол кезде қазақстандық алқаптарда мыңдаған еріктілер еңбек етті. Элеватор стратегиялық қорлардың ең ірі қоймаларының бірі саналды. Кейін ол «Цесна-Астық» концернінің құрамына енді. Ондаған жылдар бойы, 2019 жылға дейін, ол көлемін азайтпай жұмыс істеді. Алайда сыртқы нарықтағы күрт өзгерістер көптеген ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржылық тұрақтылығын әлсірете бастады
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ бұл кәсіпорындардың несие портфелінің негізгі бөлігін сатып алып, банктік қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігін берді. Соның нәтижесінде элеватор «Qaz-Qar Ltd» ЖШС-не берілді. Инвестор қаржылық сауықтыру және өндірісті жандандыру міндеттемесін өз мойнына алды.
Бүгінде қоймаларда 120 мың тонна астық бар, оның 70 мың тоннасы – элеваторлық, 50 мың тоннасы – қоймалық сыйымдылық. Кәсіпорын аумағында 22 астық қоймасы бар: 17-сі бидайға, 4-і арпаға, біреуі астық қалдықтарына арналған. Бес астық кептіргіштің жиынтық қуаты сағатына 222 тонна, ал үш БИС-100 тазалау машинасы үздіксіз жұмыс істейді. Элеватор тәулігіне 3 500 тоннаға дейін астық қабылдай алады, теміржол арқылы тәулігіне 2 500 тоннаға дейін, автокөлікпен 1 000 тоннаға дейін жөнелту жүргізіледі. Алдағы уақытта кәсіпорын техникалық жаңғырту жүргізіп, автоматтандырылған процестерді енгізуді жоспарлап отыр.
Нәтижелер мен әлеуметтік үлес
Қордың қолдауы және қабылданған шаралардың арқасында бірқатар кәсіпорындар екінші деңгейлі банктер, «Продкорпорация» АҚ және өзге де кредиторлар алдындағы қарыз жүктемесін азайтты. Салық берешегі өтелді. Нәтижесінде 32 компанияның 17-сі жылды табыспен аяқтады, 15-і қарыздарды қайта құрылымдау арқылы банкроттықтан аман қалып, жұмысын жалғастырды. 5 843 маман жұмыс орнында қалды. Ауылдық жерлерде кадрларды ұстап қалу үшін 70 млн теңгеден астам сомаға қызметтік үйлер салынды. Жұмысшылардың жалақысы 50%-ға дейін өсті, үздік қызметкерлерге сыйақылар, жолдамалар және сыйлықтар берілді.
Мысалы, «Имран Агро» ЖШС жыл сайын мектеп оқушыларының тамағына 3 млн теңгеден астам қаржы бөледі, ауылдағы білім беру нысандарын жөндеуге және түрлі іс-шаралар өткізуге қаражат аударады.
Жүйелі жұмыс биыл да нәтижесін берді – көктемгі егіс жұмыстары дер кезінде және жоспарға сай жүргізілді. Кампания аясында 850 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабы егілді, бұл өндіріс циклінің үздіксіздігін қамтамасыз етті.
Қираған шаруашылықты қайта қалпына келтірді
Солардың бірі – Атбасар ауданы, Тельман ауылындағы «Каражар Агро-2019» ЖШС. 15 мың гектар алқапта жыл сайын дәнді және бұршақты дақылдар егіледі. Өнім көлемі кейде 50 мың тоннаға жетеді, негізінен бидай, арпа, жасымық және бұршақ. Өнімнің 60%-дан астамы экспортталады. Басты нарықтар – Орталық Азия елдері, Ауғанстан, Қытай, Түркия, Иран және тіпті Италия. Қытайда қазақстандық қатты бидай сұрыптары ерекше бағаланады.
«Бұрынғы басшылықтан шаруашылық бізге жартылай қираған күйде өтті. Қарыздар мен шығынды ферма қалды. Құдайға шүкір, Проблемалық кредиттер қоры банктік қарыздарды өтеуге қолдау көрсетті. Болмаса, банктен жоғары пайызбен несие алуға тура келер еді. Бүгінде біз өзімізді табысты кәсіпорын деп атай аламыз. Қазір шаруашылықты біртіндеп қалпына келтіріп жатырмыз. Жоспарда – асыл тұқымды ірі қара өсіруге арналған жемшөп базасын, автопаркті, қоймаларды салу. Әр нысанға 100–200 млн теңге қажет. Жақын арада іске кірісеміз деп ойлаймыз. Сонымен қатар ауылға да пайда тигізуге тырысамыз. Өз күшімізбен монша, спорт орталығы, кафе салдық, енді жергілікті мектепті жөндеуге көмектесудеміз», – дейді директор Валерий Петров.
Қазір олардың меншігінде 10 егіс кешені мен комбайн, 4 бүріккіш және басқа да техника бар. Агрономның айтуынша, егер киіктің шабуылы мен ауа райының тосын мінезі болмағанда, ауыл шаруашылығы әлдеқайда қарқынды дамыр еді. Дегенмен салада инженер, агроном, зоотехник, комбайншы және қарапайым жұмысшы сияқты кадр тапшылығы айқын сезіледі.
«Қазір экологиялық таза өнім өндіру – пестицидтерсіз, химиялық қоспасыз – маңызды мәселе болып тұр. Ауыл шаруашылығы зертханалары арамшөпке қарсы ауыр өңдеусіз жұмыс істейтін препараттарды ойластыруы қажет. Мысалы, біз сұлы мен арпаны химиясыз өсіруге тырысамыз, өйткені ол үй жануарларына жем ретінде пайдаланылады», – деп атап өтті Валерий Петров.
Ауыл шаруашылығындағы жаңа белес
Қордың мәліметінше, былтыр 806 мың гектардан астам алқапқа бидай, зығыр, арпа, жасымық, күнбағыс және басқа дақылдар егілді. 100 млрд теңгеден астам сомаға 1,85 млн тоннадан астам өнім жиналды. Бұл ішкі нарықты нығайтып, экспорттық әлеуетті сақтап қалды. Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту жұмысы жүргізілді: тұқым, өсімдікті қорғау құралдары, жанар-жағармай сатып алынды. Солтүстік Қазақстан облысында 1 300 ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма құрылысы аяқталды (инвестиция – 11,7 млрд теңге, 100 жаңа жұмыс орны құрылды). 2024–2025 жылдардағы табыс көлемі 1,2 млрд теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы техника паркі 2 млрд теңгеден астам сомаға жаңартылып, жөнделді. Оның ішінде «Атамекен-Агро» компаниясында – 1,2 млрд теңге. 2 млрд теңгеден астам қаржыға өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары – кеңселер, жатақханалар, асханалар, наубайханалар, моншалар, қазандықтар және т.б. салынды. Өткен жылы қарыз алушы кәсіпорындар бюджетке 6,9 млрд теңге салық және әлеуметтік төлемдер аударды.
Бүгінде «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ өзінің стратегиялық миссиясын – қаржылық сауықтыруға жәрдемдесу, нақты сектор кәсіпорындарының тұрақтылығын қамтамасыз ету және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – жалғастыруда. Жоспарда – жеке инвесторлармен өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту, активтерді өткізу рәсімдерін жетілдіру және қарыз алушыларды қолдаудың жаңа құралдарын енгізу бар. Қарыз алушылардың айтуынша, Қор – олардың қаржылық тұрақтылығының ең маңызды тетігі, ел экономикасын дамытуға, халықты қолдауға және қаржы секторының ашықтығын арттыруға елеулі үлес қосып отыр.