АО "Проблемалык кредиттер коры"

Достық д. 160, Алматы қ., ҚР

Дс-Жм 09:00-18:00

Проблемалық кредиттер қоры мен Моңғолияның Активтерді басқару корпорациясы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

13 тамызда Улан-Баторда (Моңғолия) өткен IPAF-тың 9-шы Саммиті мен Халықаралық конференциясы (Халықаралық мемлекеттік активтерді басқару компанияларының форумы, ағылш. International Public Asset Management Company Forum) аясында «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ (ПКҚ) мен Моңғолияның Активтерді басқару корпорациясы (Mongolia Asset Management Corporation немесе MAMCO) — осы жылғы Саммит пен IPAF Халықаралық конференциясының қабылдаушы тараптары арасында екіжақты кездесу өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стресс-активтерді басқару саласында ынтымақтастықты дамыту мен тәжірибе алмасуды көздейтін өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.
Құжат тараптардың тұрақты консультациялар өткізуге, стресс-портфельді басқару тәсілдері бойынша тәжірибелік білім мен ақпаратпен алмасуға, сондай-ақ екі ұйымның мүддесіне сай бірлескен бастамаларды қарастыруға ниетті екенін бекітеді.

Меморандумға қол қойылуы Қордың халықаралық байланыстарын нығайтудың тағы бір қадамы болды, бұл мемлекет қойған міндеттерді – банк секторын сауықтыруды және жұмыс істемейтін активтерді экономикалық айналымға тартуды – неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, қол қойылған құжат Қордың үшінші халықаралық келісімі болып табылады. Бұған дейін өзара түсіністік туралы меморандумдар Кореяның активтерді басқару корпорациясымен (KAMCO) және Ирландияның Ұлттық активтерді басқару агенттігімен (NAMA) жасалған болатын. Бұл Қорға соңғы үрдістерден хабардар болып, сарапшылардың тікелей бағалауларына қол жеткізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қор халықаралық қаржы ұйымдарымен және компанияларымен стресс-активтерді басқару саласында ынтымақтастық орнатуға ашық, бұл Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы міндеттеріне сәйкес келеді. Осы тұрғыда, 2026 жылы Қазақстанда Қордың және Азия даму банкінің ұйымдастырушылық рөлімен өтетін IPAF-тың 10-шы Саммиті мен Халықаралық конференциясы ерекше мәнге ие.

Бұл еліміз үшін Қазақстанның халықаралық қаржы қауымдастығының сенімді қатысушысы ретіндегі имиджін нығайтуға және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы құзыреттерді кеңейтуге бірегей мүмкіндік болып табылады, өйткені IPAF – стресс-активтерді басқару саласында шешімдер әзірлеу мен тәжірибе алмасуға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.

Қордың IPAF аясындағы іс-шаралар мен бастамаларға белсенді қатысуы проблемалық кредиттерді реттеу саласында шетелдік әріптестердің озық тәжірибелері мен ноу-хауларына қол жеткізуге ғана емес, сонымен бірге халықаралық қоғамдастыққа өзінің шешімдері мен нәтижелерін ұсынуға мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстан стресс-активтерді басқару жөніндегі жаһандық күн тәртібін қалыптастыруда жай қатысушы ғана емес, толыққанды серіктес болуға дайын екенін растап, халықаралық қаржы аренасында өз позицияларын нығайтады.

Перейти к содержимому