Қор Мемлекеттік кірістер комитетімен және Ақпараттық-есептеу орталығымен ынтымақтастықты күшейтеді
«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен (МКК) және «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-мен (АЕО) жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесуде борышкерлер мүлкін өткізудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, рәсімдерді оңтайландыру, электрондық сауда-саттықты жетілдіру және цифрлық шешімдерді кеңінен пайдалану жөнінде сөз болды.
Қор салық төлеушілердің мүлкін өткізуді жүзеге асыратын уәкілетті ұйым болып табылады. Оның қызметіне мүлікті анықтау, бағалау, электрондық сауда алаңына шығару және түскен қаражатты республикалық бюджетке аудару кіреді. Өткізілген мүліктің нәтижесінде қаражат уақытылы бюджетке түсіп, активтер қайтадан экономикалық айналымға тартылады. Бұл жеке тұлғаларға, шағын және орта бизнеске тиімді мүмкіндік ұсынып, ел экономикасының дамуына ықпал етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға, сондай-ақ ашықтықты арттыру мен қоғам сенімін нығайтуға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізуге дайын екендіктерін растады.
Кездесуге МКК, АЕО және Қор өкілдері, соның ішінде МКК төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов, АЕО Басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов және Қор Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Байғазиев қатысты.