«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ Корея Республикасындағы Халықаралық қаржылық ынтымақтастық кеңесінің (CIFC) шақыруымен KEI (Knowledge Exchange Initiative) бағдарламасына қатысты
Оңтүстік Корея, Сеул қ., 2025 жылғы 21–27 қыркүйек
KEI 2025 бағдарламасы Корея Республикасының қаржылық саясат, капитал нарықтары, цифрлық трансформация және проблемалық активтерді басқару саласындағы тәжірибесін зерделеуге бағытталды. Дәрістер мен пікірталастарды жетекші институттар өткізді: Korea Institute of Finance (KIF), Korea Exchange (KRX), Korea Financial Investment Association (KOFIA) және Korea Asset Management Corporation (KAMCO)1.
1. Қаржы секторының дамуы және реттеу (KIF)
Дәрісте Кореяның экономикалық және қаржылық дамуының кезеңдері қарастырылды: 1960 жылдардағы экспортқа бағытталған индустрияланудан бастап цифрландыру мен орнықты өсуге дейін. Негізгі заңнамалық актілер мен реттеуші органдардың құрылымы (FSC, FSS), сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау саясаты (Financial Consumer Protection Act, 2020) талқыланды.
Алғаш рет заң деңгейінде тұтынушылардың ақпаратқа қол жеткізу, деректерді қорғау және өтемақы алу құқықтары бекітілді. Қаржылық сауаттылыққа және цифрлық трансформацияға ерекше назар аударылды, оның ішінде финтех, крипто-активтер және «Buy Now Pay Later» сервистерін реттеу мәселелері. Мемлекет әлсіз топтарға (зейнеткерлер, ауыл тұрғындары) арнайы бағдарламалар жүргізеді. Сонымен қатар, «бір компания – бір мектеп» бастамасы іске асырылуда.
2. Мемлекеттік облигациялар нарығы және қарыз құралдары (KIF)
Дәрісте Кореяның мемлекеттік облигациялар нарығының дамуы қаралды: 1950 жылғы алғашқы шығарылымнан бастап қазіргі заманғы инновациялық құралдарға дейін. Негізгі назар Korea Treasury Bonds (KTB) облигацияларына аударылды.
2024 жылы шетелдік инвесторлардың үлесі рекордтық 22,8%-ға жетті (Қазақстанда – 6–7%). Жаңа құралдардың қатарында Korea Savings Bonds (KSB), KTB және STRIPS-ке негізделген ETF-тер бар. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап енгізілген «қателікті түзету механизмі» биржалық жүйеге сенімділікті арттырды.
3. Қаржылық қызметтердің цифрлануы (KIF)
Open Banking жүйесі 37 млн пайдаланушыны қамтиды және 226 млн-нан астам шоттарды біріктіреді. MyData сервисі кредиттерді, депозиттерді, сақтандыру өнімдерін салыстыру және қарызды оңтайландыру үшін қолданылады.
2023/2024 жылдары қабылданған Virtual Asset User Protection Act виртуалды активтерді реттеудің алғашқы заңы болды. 2024 жылы виртуалды активтермен сауда көлемі KOSPI биржасынан екі есе асып түсті.
Қазақстанда да 2023 жылы «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар, Кореяда 600-ден астам финтех-компания бар, ал Қазақстанда – 200 стартап және 4 000-нан астам халықаралық және өңірлік компаниялар (АХҚО арқылы).
4. Капитал нарықтарының дамуы және KRX рөлі
Korea Exchange (KRX) тәжірибесі ұсынылды. Қазіргі таңда KRX құрамына KOSPI, KOSDAQ және KONEX нарықтары кіреді. 2025 жылы биржаның капитализациясы 16,8 трлн АҚШ долларын құрады, ал листингке шыққан компаниялар саны 2 500-ден асты.
Сауда көлемінің негізгі бөлігін жеке инвесторлар құрайды (KOSPI-де 66%, KOSDAQ-та 89%).
KRX халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, IT-шешімдерін экспорттауда, жаңа сауда жүйелерін енгізуде (мысалы, Nextrade, 2025).
5. KOFIA және өзін-өзі реттеу рөлі
Korea Financial Investment Association (KOFIA) қаржы нарығында өзін-өзі реттейтін негізгі институт болып табылады. Ассоциация 580-нен астам мүшені біріктіреді, инспекция жүргізеді, жарнамаларды бекітеді, дауларды қарайды және инвесторлардың құқықтарын қорғау орталығын басқарады.
Жыл сайын 20 мыңнан астам маман емтихан тапсырады. Соңғы жылдары KOFIA бағалы қағаздар бойынша салықты төмендетуге, зейнетақы реформаларын енгізуге және IT-негізделген оқыту құралдарын дамытуға ықпал етті.
6. KAMCO тәжірибесі (NPL басқару)
Korea Asset Management Corporation (KAMCO) 1997 жылы Азия қаржылық дағдарысына жауап ретінде құрылды. Корпорация банктерден проблемалық активтерді сатып алып, мемлекеттік облигациялар және секьюритилендіру арқылы қаржыландырды.
KAMCO борышты қайта құрылымдау, workout бағдарламаларын, секьюритилендіруді және электрондық OnBid платформасын енгізді. Бұл банктердің балансын тазартуға және NPL екінші нарығын құруға мүмкіндік берді. Дегенмен, бастапқы кезеңде бюджетке айтарлықтай шығындар түсті. Кейіннен активтерді сату, цифрландыру және жеке инвесторларды тарту арқылы шығындардың бір бөлігі өтелді.
Қорытынды
KEI бағдарламасы Азия елдерінің мемлекеттік органдары, қаржы институттары және халықаралық ұйымдары өкілдерін біріктірді. Қазақстанды «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және ҚР Қаржы министрлігі таныстырды.
Қордың басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Байғазиев Қазақстан экономикасының қысқаша шолуын, капитал нарығы мен банк секторының соңғы жылдардағы өзгерістерін ұсынды. Арнайы назар AIX биржасының дамуына, цифрлық активтер нарығына, бөлшек инвесторлардың өсуіне және DMAS пен Debex электрондық платформаларының құрылуына аударылды.
Бағдарлама Қазақстан үшін тек Корея тәжірибесін зерделеу ғана емес, сонымен қатар халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасу және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.



- Korea Institute of Finance (KIF). Қаржы саласындағы ұлттық зерттеу орталығы, ғылыми зерттеулер мен талдаулар жүргізу үшін құрылған. Үкімет пен реттеушілерге кеңес береді, қаржы нарықтарын, банк секторын және реттеуді дамыту бойынша ұсынымдар әзірлейді.
Korea Exchange (KRX). Корея Республикасының ұлттық биржасы, ол акциялар нарығын (KOSPI, KOSDAQ, KONEX), облигациялар мен деривативтерді біріктіреді. Компаниялардың листингіне, капитал тартуға және халықаралық инвестицияларға арналған негізгі алаң болып табылады. IT-инфрақұрылымды белсенді дамытады және өз шешімдерін басқа елдерге экспорттайды.
Korea Financial Investment Association (KOFIA). Қаржы нарығына қатысушыларды біріктіретін өзін-өзі реттейтін ұйым: брокерлер, активтерді басқару компаниялары, рейтингтік агенттіктер, траст және инвестициялық фирмалар. Бизнес жүргізу стандарттарын белгілейді, мамандарға емтихандар мен сертификаттауды өткізеді, инвесторлардың құқықтарын қорғайды, білім беру бастамаларын жүзеге асырады.
Korea Asset Management Corporation (KAMCO). Проблемалық активтер мен жұмыс істемейтін кредиттерді (NPL) басқаруға арналған мемлекеттік корпорация, 1997 жылғы Азия қаржылық дағдарысынан кейін құрылған. NPL сатып алу, қайта құрылымдау және сату, сондай-ақ оларды саудалауға арналған электрондық платформаларды дамыту бойынша маманданған. KAMCO Азиядағы табысты AMC-дің эталондық үлгілерінің бірі болып саналады. ↩︎