АО "Проблемалык кредиттер коры"

Достық д. 160, Алматы қ., ҚР
Дс-Жм 09:00-18:00

Қазақстанда IPAF-тың 10-шы Саммиті мен Халықаралық конференциясын өткізу туралы

2026 жылы Қазақстан Республикасы стрестік активтерді басқару саласындағы негізгі халықаралық іс-шаралардың бірі болып саналатын Мемелекеттік активтерді басқару компаниялардың Халқаралық Форумы (ағыл. International Public Asset Management Company Forum немесе IPAF) аясындағы 10-шы Саммит пен Халықаралық конференцияны өткізу алаңына айналады. Конференцияның ұйымдастырушылары – «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ және Азия даму банкі (АДБ).

IPAF-тың мерейтойлық 10-шы Саммиті мен Халықаралық конференциясын Қазақстанда өткізу туралы шешім Қордың Форум қызметіне ұзақ жылдар бойы белсенді қатысуының және проблемалық активтерді реттеу саласындағы кәсіби диалогты дамытуға қосқан елеулі үлесінің нәтижесі болып табылады.

2025 жылы Қор IPAF-тың Толыққанды мүшесі (General Member) мәртебесін алды, ал ротация қағидатына сәйкес 2026 жылы IPAF-қа төрағалықты қабылдайды. Бұл өз кезегінде IPAF-тың келесі Саммиті мен Халықаралық конференциясын, сондай-ақ 2027 жылы өтетін IPAF оқыту семинарын ұйымдастыруды көздейді.

Ұлттық тәжірибе мен нарықтық тетіктерге басымдық

IPAF Халықаралық конференциясы дәстүрлі түрде стрестік активтерді басқару саласындағы тәжірибе мен озық практикаларды алмасуға арналған жаһандық алаң болып табылады. Әдетте Конференция аясында ұйымдастырушы елдің тәжірибесіне ерекше назар аударылады.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында стрестік активтер нарығының инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Елде проблемалық кредиттерді жеке, соның ішінде шетелдік инвесторлардың сатып алуына мүмкіндік беретін салалық заң қабылданды, электрондық сауда алаңдарының жұмыс істеу тәртібі қалыптастырылды, проблемалық активтердің банктердің баланстарында болу мерзіміне шекті талаптар енгізілді, инвесторлар үшін салықтық жағдайлар жасалды және проблемалық берешекті реттеудің нарықтық тетіктері жүйелі түрде енгізілуде.

Осы тұрғыда Қазақстан тек нормативтік-құқықтық базаға ғана емес, сонымен қатар қаржы ұйымдарының баланстарын тазарту, стрестік активтерін экономикалық айналымға қайта тарту және NPL-мен жұмыс істеуде әкімшілік тәсілдерден инвестициялық-нарықтық модельдерге біртіндеп көшу бойынша нақты практикалық нәтижелерге де ие.

Нарық қатысушыларын кеңінен тарту

Қазақстанда стрестік активтер нарығының қалыптасуы мемлекеттік және жеке институттардың кең ауқымды өзара іс-қимылының нәтижесі болды. IPAF Саммиті мен Халықаралық конференциясын дайындау және өткізу шеңберінде Проблемалық кредиттер қоры отандық стрестік активтер нарығының барлық негізгі қатысушыларын, соның ішінде қаржы реттеушісін, банктер мен микроқаржы ұйымдарын, электрондық сауда алаңдарының операторларын, сондай-ақ кәсіби нарық қатысушыларын белсенді тартуды көздейді.

Халықаралық қауымдастық тарапынан жұмыс істемейтін активтерді басқару саласындағы жетекші сарапшылар мен практиктерді, мемлекеттік активтерді басқару компанияларының өкілдерін, халықаралық қаржы ұйымдарын, зерттеу орталықтарын және стрестік активтерті сатуда салалық сараптама мен практикалық тәжірибесі бар жеке инвесторларды тарту жоспарланып отыр.

Болашақ күн тәртібінің фокусы

Алдағы IPAF Халықаралық конференциясының күн тәртібі қазіргі уақытта қалыптастыру кезеңінде.

Сонымен қатар, IPAF-тың алдыңғы іс-шараларынан ерекшелігі ретінде Қазақстандағы Саммит пен Конференцияның практикалық және инвестициялық бағытта өтуі, цифрлық шешімдер мен нақты нарықтық кейстерге басымдық берілуі көзделіп отыр.

Алдағы іс-шаралардың ерекшелігі стрестік активтерін сүйемелдеу және оларды экономикалық айналымға одан әрі тарту процестерінде қолданылатын цифрлық және технологиялық құралдарды талқылау арқылы күн тәртібін кеңейту, сондай-ақ сатушылар мен инвесторлар арасында тікелей диалог орнатуға бағытталған инвестициялық форум өткізу болмақ.

Негізгі талқылау тақырыптары стрестік активтер нарығын дамытудың өзекті мәселелеріне шоғырланып, төмендегі бағыттарды қамтиды:

  • NPL-ді реттеудің нарықтық және инвестициялық тетіктерін енгізу;
  • экономикалық факторлардың (пайыздық мөлшерлемелер, инфляция, геосаяси жағдай) стрестік активтердің өсуіне әсері және олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру;
  • NPL нарығын және проблемалық берешекті сату арналарын дамыту;
  • жеке капиталды (оның ішінде шетелдік капиталды) тарту және/немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы корпоративтік кредиттерді сауықтырудың заманауи тәсілдері;
  • активтерді сату, бағалау және сүйемелдеу процестерінде цифрлық және технологиялық шешімдерді қолдану;
  • проблемалық берешекті сот тәртібімен өндіріп алу тетіктерін дамыту және олардың тиімділігін арттыру, құқық қолдану практикасы мен инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері;
  • тұрақты әрі ашық нарық инфрақұрылымын қалыптастырудағы мемлекеттік компаниялар мен реттеушілердің рөлі.
Саммиттің Қор мен Қазақстан үшін маңызы

АДБ қолдауымен өтетін IPAF-тың 10-шы Саммиті мен Халықаралық конференциясы Проблемалық кредиттер қоры мен жалпы Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейдегі позициясын нығайтудағы маңызды кезең болмақ.

Іс-шара халықаралық кәсіби қауымдастыққа елімізде жүргізілген реформалар мен қол жеткізілген практикалық нәтижелер туралы кешенді көзқарасты ұсынумен қатар, стрестік активтерін басқару саласында көпжылдық тәжірибесі бар дамыған және қалыптасушы нарықтардың өкілдерімен практикалық тәжірибе алмасуды тереңдетуге мүмкіндік береді.

Саммит аясында Қазақстан NPL нарығының инфрақұрылымы дамыған елдердің озық тәжірибелерін, соның ішінде сот арқылы өндіріп алу, активтердің нарықтағы айналымы, цифрлық платформаларды пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік компаниялар, қаржы жүйесін реттеушілер және жеке инвесторлар арасындағы өзара іс-қимыл модельдерін зерделеп, бейімдеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, Қазақстанның реформалар мен нарықтық трансформация жолындағы тәжірибесі қаржы жүйесі дамуының ұқсас кезеңдеріндегі елдер үшін практикалық кейс ретінде ұсынылады.

Іс-шара халықаралық кәсіби диалогты кеңейтуге, бірлескен жобаларды іске қосуға, институционалдық ынтымақтастықты дамытуға және нарық қатысушылары арасында тұрақты сараптама алмасуға негіз қалайды.

Жалпы алғанда, IPAF Саммиті мен Халықаралық конференциясы Қазақстанның халықаралық қаржылық диалогтар үшін беделді алаң ретіндегі имиджін нығайтып, елдің халықаралық ынтымақтастыққа ашықтығын, одан әрі реформалар жүргізуге дайын екенін және стрестік активтерді басқару саласында заманауи, нарықтық тәсілдерді дамытуға ұмтылысын көрсетеді.

Материалды «ПКҚ» АҚ Корпоративтік даму және қызметті үйлестіру департаментінің Халықаралық ынтымақтастық және аналитика басқармасының бас маманы Абильдаева Дина дайындады.

Перейти к содержимому