АО "Проблемалык кредиттер коры"

Достық д. 160, Алматы қ., ҚР
Дс-Жм 09:00-18:00

Проблемалық кредиттер қоры IPAF-тың 10-шы оқу семинарында проблемалық активтерді қайта құрылымдау бойынша практикалық тәжірибесін таныстырды

Ұлан-Батыр қаласында өткен Стрестiк активтерді басқару жөніндегі мемлекеттік компаниялардың халықаралық форумының (IPAF) 10-шы оқу семинары аясында «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ өкілі Арман Каратаев портфельдің тиімділігін басқару және проблемалық активтерді қайта құрылымдау нәтижелеріне мониторинг жүргізу тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама Қордың проблемалық активтерді қалпына келтіру жөніндегі практикалық тәсілдеріне, қайта құрылымдау тетіктерін қалыптастыруға және олардың экономикалық әрі әлеуметтік әсерін бағалауға арналды. Негізгі назар проблемалық берешекпен жұмыс істеудің қаржылық құрамдас бөлігіне ғана емес, сондай-ақ қайта құрылымдаудың бизнестің орнықтылығын қамтамасыз етуге және экономикалық белсенділікті қалпына келтіруге қосатын кең ауқымды үлесіне аударылды.

Баяндама барысында проблемалық активтерді басқарудың қазіргі заманғы практикасы кредиттік шарттың талаптарын өзгертумен ғана шектелмейтіні атап өтілді. Тиімді қайта құрылымдау кәсіпорынның ақша ағынын қалыптастыру қабілетін қалпына келтірудің, өз міндеттемелерін орындаудың, жұмыс орындарын сақтаудың және инвестициялық қызметті жалғастырудың құралы ретінде қарастырылады.

Семинарға қатысушыларға Қор қарыз алушының бейіні мен қалпына келтіру әлеуетіне қарай қолданатын қайта құрылымдаудың кешенді құралдар жиынтығы таныстырылды. Атап өтілгендей, қайта құрылымдау жекелеген шаралармен шектелмейді, керісінше көпдеңгейлі шешімдер жүйесін білдіреді.

Бірінші деңгейде ақша ағынын жеңілдету құралдары қолданылады: ол өтеу мерзімдерін ұзарту, жеңілдік кезеңдерін беру, төлем кестелерін түзету, пайыздық жүктемені төмендету және айыппұл санкцияларын алып тастау. Мұндай шаралар қарыз алушыға өтімділікті тұрақтандыруға және операциялық қызметін қалпына келтіру үшін қажетті уақыт алуға мүмкіндік береді.

Қаржылық қиындықтар неғұрлым тереңдеген жағдайда берешек құрылымын өзгерту жөніндегі шаралар қолданылады, оның ішінде берешектің бір бөлігін есептен шығару, міндеттемелерді қайта құрылымдау, талап ету құқықтарын инвесторға беру және бітімгершілік келісімдер жасау. Нақты жағдайға байланысты бұл құралдар өзара үйлестіріліп қолданылады, бұл әрбір қарыз алушының ерекшеліктерін ескеруге және қабылданатын шешімдердің тиімділігін барынша арттыруға мүмкіндік береді.

Баяндамада қайта құрылымдау бойынша шешімдер қабылдау жүйесіне ерекше назар аударылды. Табысты қайта құрылымдаудың негізгі факторы құралдардың кең ауқымының болуы ғана емес, қабылданатын шешімдердің сапасы екені атап өтілді. Осыған байланысты Қорда бұл процесс көпсатылы бағалау және функционаларалық бақылау қағидаттарына негізделген.

Шешім қабылдау процесі қарыз алушының өтінішінен немесе қаржылық көрсеткіштердің нашарлауы не төлемдердің кешіктірілуі сияқты ерте ескерту жүйесінің ішкі сигналдарынан басталады. Бұдан кейін бизнесті кешенді диагностикалау, қаржылық қиындықтардың себептерін талдау, жобаның өміршеңдігін және оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру перспективаларын бағалау жүргізіледі.

Келесі кезеңде қайта құрылымдаудың жеке моделі қалыптастырылады, ол тәуекелдерді басқару, құқықтық сүйемелдеу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бөлімшелер тарапынан тәуелсіз бағалаудан өтеді. Түпкілікті шешімді уәкілетті алқалы орган қабылдайды, бұл институционалдық жауапкершілік пен процестің объективтілігінің қосымша деңгейін қамтамасыз етеді.

Баяндаманың жеке бөлімі қайта құрылымдау жүргізілгеннен кейінгі тиімділік мониторингіне арналды. Бұл ретте Қордың жұмысы қарыз алушымен келісімге қол қойылғаннан кейін аяқталмайды. Кейінгі мониторинг туындайтын тәуекелдерді уақтылы анықтауға, қабылданған қаржылық міндеттемелердің орындалуын бағалауға және қажет болған жағдайда одан арғы іс-қимылдарды жедел түзетуге мүмкіндік беретін активті басқарудың дербес кезеңі ретінде қарастырылады.

Қорда төлем тәртібін, қарыз алушылардың қаржылық жай-күйін, ковенанттардың сақталуын және кепілмен қамтамасыз етудің жай-күйін бақылауға жүйелі тәсіл қолданылады. Сонымен қатар қайта құрылымдаудың неғұрлым кең нәтижелері, оның ішінде жұмыс орындарын сақтау, бюджетке түсетін салық түсімдері және іске асырылған жобалардың жекелеген салалар мен өңірлердің дамуына ықпалы бағаланады.

Баяндаманың практикалық бөлігінде проблемалық активтерді қалпына келтірудің әртүрлі тәсілдерін көрсеткен бірнеше кейс ұсынылды. Қайта құрылымдау құралдары қаржылық қиындықтардың сипаты мен әрбір жобаның экономикалық ерекшелігіне қарай таңдалатыны көрсетілді.

Кейстердің бірі ірі агроөнеркәсіптік холдингке арналды, ол үшін бизнестің маусымдық ерекшелігі ескеріле отырып, қайта құрылымдаудың кешенді бағдарламасы әзірленді. Төлем кестесін түсімдердің түсу циклдеріне бейімдеу, үш жылдық жеңілдік кезеңін ұсыну және сыйақы мөлшерлемесін төмендету есебінен компанияның қаржылық жағдайын тұрақтандыруға, 3 000-нан астам жұмыс орнын сақтауға және одан әрі дамуына, оның ішінде сүт өндірісіне инвестициялар тартуға жағдай жасауға мүмкіндік туды.

Екінші кейсте 2023 жылғы климаттық күйзеліс кезеңінде аграрлық секторды дағдарысқа қарсы қолдау тетігі таныстырылды. Өнімділіктің күрт төмендеуі жағдайында Қор мемлекеттік органдармен бірлесіп төлемдерді кейінге қалдыруды және нысаналы қайта құрылымдауды қамтитын шұғыл шаралар топтамасын іске асырды. Бұл шамамен 260 мың гектар алқапта егіс науқанын жүргізуді қамтамасыз етуге, 2 000-нан астам жұмыс орнын сақтауға және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қолдауға мүмкіндік берді.

Стратегиялық инвесторға проблемалық инфрақұрылымдық активті беру жөніндегі кейс те ерекше қызығушылық тудырды. Ұсынылған мысал жекелеген жағдайларда ең жоғары нәтижеге берешек талаптарын өзгерту арқылы емес, активтің одан әрі даму моделін өзгерту арқылы қол жеткізілетінін көрсетті. Мұндай тәсіл проблемалық активтің құнын қайтаруды қамтамасыз етуге, жаңа инвестициялық жобаны іске асыруға және туристік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Баяндаманы қорытындылай келе, қазіргі таңда проблемалық активтерді тиімді басқару берешекті қайтаруды ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан өміршең кәсіпорындарды сақтауды, жұмыспен қамтуды қолдауды және бизнестің одан әрі дамуына жағдай жасауды көздейтіні атап өтілді. Мұндай тәсіл бір мезгілде қаржылық нәтижелерге қол жеткізуге және анағұрлым кең әлеуметтік-экономикалық әсерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Қордың корпоративтік қарыз алушылары мемлекеттік бюджетке 14 млрд теңгеден астам салықтың түсуін қамтамасыз етті, сонымен қатар іске асырылған шаралардың арқасында 9 000-нан астам жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Перейти к содержимому