Қазақстан 2026 жылы IPAF халықаралық конференциясы мен ұйымның X cаммитін өткізеді
2026 жылы Қазақстан Азия даму банкінің (АДБ) аясына біріккен Азия елдеріндегі стрестік активтерді басқарумен айналысатын мемлекеттік ұйымдардың халықаралық қауымдастығы – International Public Asset Management Company Forum (IPAF) халықаралық конференциясы мен ұйымның X мерейтойлық саммитін қабылдайды.
Бұл туралы 13 тамызда Ұлан-Батырда (Моңғолия) өткен IPAF-тың IX саммитінде айтылды.
Осылайша, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ (ПКҚ) ресми түрде IPAF (General member) толыққанды мүшесі мәртебесін алды (Анықтама: 2013 жылдан бастап ПКҚ Қауымдастырылған мүше ретінде IPAF құрамына кірді және осы уақыт ішінде жұмыс істемейтін активтерді басқару саласындағы IPAF негізгі бастамаларына қатысу шеңберінде өзара іс-қимылдың айтарлықтай тәжірибесін жинақтады).
Ротациялық принципке сай 2026 жылы қор IPAF-қа төрағалық етіп, мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының, әлемнің түкпір-түкпірінен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктіретін кезекті IPAF-тың саммиті мен халықаралық конференциясының ұйымдастырушысы болады.
Айта кету керек, 2025 жылы NPL басқарудың дәстүрлі мәселелерін талқылауға жаңа бағыттар қосылды — ең алдымен стрестік активтерді бағалауды жақсарту, мерзімі өткен қарыздарды реттеу процестерін оңтайландыру және стрестік активтерді сату процесінің ашықтығын арттыру үшін жасанды интеллект, блокчейн және цифрлы платформаларды пайдалану.
IPAF-тың IX саммитіне қазақстандық делегация да қатысып, оның құрамында ПКҚ өкілдері, атап айтқанда директорлар кеңесінің өкілі – Қайрат Миятов болды (сілтеме).
Алқалы жиында ПКҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Байғазиев сөз алып, ол қордың IPAF толыққанды мүшелігіне кіруге сенім мен қолдау көрсетіп, сондай-ақ 2026 жылдан бастап форумға төрағалық етуді қабылдағаны үшін АДБ-ға алғысын білдіріп, Қазақстанға АДБ-мен стратегиялық әріптестіктің маңыздылығы зор екенін атап өтті.
Бұған қоса Н.Байғазиев стрестік активтердің қайталама нарығын дамыту, сатушыларды (банктерді), сондай-ақ сатып алушыларды (инвесторларды) проблемалық активтермен байланысты мәмілелерге белсенді қатысуға ынталандыру үшін мемлекеттік шаралары туралы қысқаша айтып берді. Ол NPL ашық және тиімді нарығын дамыту, заманауи аналитикалық құралдарды енгізу және халықаралық серіктестермен тәжірибе алысу қаржы тұрақтылығын арттырудың негізгі шарттары болып саналатынын жеткізді. Сөз соңында келесі жылы Қазақстанда IPAF мерейтойлық саммитін өткізу халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, осы саладағы озық тәжірибелермен алмасуға маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
Елімізде өтетін саммит пен IPAF халықаралық конференциясы стрестік активтерді басқарумен айналысатын кәсіби қоғамдастық үшін басты оқиға болатыны сөзсіз. Әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайында жұмыс істемейтін несиелерді тиімді реттеу (NPL) мәселесі ерекше өзекті.
Бұдан басқа, бұл іс-шаралар халықаралық қоғамдастыққа жұмыс істемейтін активтерді дұрыс жолға қоюдың қазақстандық тәжірибесін ұсынып, өзекті сын-қатерлерді талқылауға және практикалық шешімдермен алмасуға бірегей мүмкіндік туғызады, сондай-ақ кәсіби байланыстарды кеңейтуге, озық тәсілдерге қол жеткізуге және стрестік активтерді басқару саласындағы отандық мамандардың құзыреттерін нығайтуға мүмкіндік береді.