АО "Проблемалык кредиттер коры"

Достық д. 160, Алматы қ., ҚР

Дс-Жм 09:00-18:00

Проблемалық кредиттер қоры берешекті қайтару және активтерді экономикаға тарту жұмыстарын күшейтуде

«Проблемалық кредиттер қоры» АҚ берешекті қайтару және жұмыс істемейтін активтерді ел экономикасына тарту бойынша жоспарлы жұмысын жалғастыруда.     

Берешекті өндіріп алу – Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Экономикалық айналымға қайтарылған әрбір нысан – бұл жаңа жұмыс орындары мен қосымша салықтық түсімдер. Тек 2022–2025 жылдары экономикалық айналымға құны 15 млрд теңгеден асатын активтер, оның ішінде жер учаскелері, ғимараттар мен өндірістік кешендер тартылды. Олардың негізінде қазірдің өзінде жаңа кәсіпорындар құрылып, жергілікті бюджеттерге салықтық түсімдер қамтамасыз етілуде және инвесторлар тартылуда.     

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2017 жылдан 2025 жылғы 5 қыркүйекке дейінгі кезеңде жалпы сомасы 160,3 млрд теңге өндіріп алынды, оның 65,9 млрд теңгесі – ақшалай қаражат, ал 94,4 млрд теңгесі – Қордың балансына қабылданған мүлік.     

Жылдар бойынша динамика келесідей: 2017 жылы 768,3 млн теңге, 2018 жылы – 2,98 млрд теңге, 2019 жылы – 50,5 млрд теңге, 2020 жылы – 28,5 млрд теңге, 2021 жылы – 44,5 млрд теңге, 2022 жылы – 8,4 млрд теңге, 2023 жылы – 8,1 млрд теңге, 2024 жылы – 4,9 млрд теңге өндірілді.     

Әсіресе соңғы кезеңдерде қабылданған жүйелі басқарушылық шешімдердің нәтижесінде көрсеткіштердің өскені айқын байқалады. Мәселен, 2024 жылдың екінші жартыжылдығында 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді (оның 701,5 млн теңгесі – ақшалай, 1,33 млрд теңгесі – мүлік түрінде). Ал 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында бұл көрсеткіш 3,3 млрд теңгеден асты, оның ішінде 1,42 млрд теңгесі – ақшалай қаражат, 1,91 млрд теңгесі – мүлік. Ақшалай түсімдердің айтарлықтай артуы қабылданған шаралардың тиімділігін дәлелдейді және басшылық шешімдерінің уақтылы болуы ағымдағы жылдың оң қарқынын қамтамасыз еткенін көрсетеді.

Қор сондай-ақ жеке тұлғалармен де жұмыс жүргізіп, оларға сот арқылы және соттан тыс банкроттық рәсімдерін қолдану мүмкіндіктерін түсіндіреді. 2021 жылдан бері мыңдаған азамат берешекті реттеу бойынша кеңес алды, бұл әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуге және жаңа қаржылық кезеңді бастауға мүмкіндік берді.     

Қайтарылған қаражат пен мүлік тиімсіз пайдаланылмай, мемлекет игілігіне жұмсалады. Олар салықтық түсімдердің ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті деңгейде кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Нәтижесінде экономикалық айналымға тартылған әрбір актив өңірлік экономиканың өсуін қамтамасыз етіп, оның тұрақтылығын нығайтады.

Перейти к содержимому